Бүгін Шымкент қаласына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин бастаған жұмыс тобы келді.
«Достық үйінде» қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен және этнос көшбасшыларымен «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» тақырыбында кездесу өткізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сесиясы мен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында берген тапсырмалардың орындалу барысын талқылады және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын пысықтады.
Жиынды қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова жүргізді.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан өз сөзінде этносаясат аясындағы негізі басымдықтарды баяндап, қолға алынған жаңа жобаларға тоқталды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХХІІІ сессиясының шешімдері аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы: «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар», «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Бірлігіміз – әралуандықта», «Жомарт жан», «Ассамблея айнасы», «Біртұтас қоғам: келісім және сенім», «Этномәдени бірлестіктер: реформалардың әлеуметтік базасы», «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елдесу және татуласу», «Жаңа толқын», «Тамырлас», «Қазақстан халқы Ассамблеясының академиясы» сынды арнайы 13 жоба әзірледі. Аталған жобалар Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының Парламентпен, мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейтуге, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жалпыазаматтық бірегейлікті, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайтуға, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы іс-қимылға, жастарды тәрбиелеуге және жас кадрлар даярлауға бағытталған, – деді Ғалымжан Жайықбайұлы.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин өз сөзінде этносаралық қатынастарды жаңа деңгейге көтеру және жақсарту бағытында қолға алынған шаралар туралы жан-жақты айтты.
Сондай-ақ, қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Латипша Асанов, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан және қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Тимур Казьмин Мемлекет басшысы айқындап берген жалпыға ортақ: Тәуелсіздік пен Отаншылдық. Бірлік пен Ынтымақ. Әділдік пен Жауапкершілік. Заң мен Тәртіп. Еңбекқорлық пен Кәсібилік. Жасампаздық пен Жаңашылдық сияқты құндылықтарды халық арасында кеңінен насихаттау бағытында Шымкентте қабылданған кешенді шаралар туралы баяндады.