Түркістан облысы елді мекендерді газдандыруда елімізде көш бастап тұр. Халық санымен есептегенде, 1 млн 750 мыңнан астам халық немесе облыс тұрғындарының 81,5% табиғи газбен қамтылған. Бұл еліміздегі жалпы көрсеткіштің 28,4 пайызы. Яғни, газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Биыл 75 мың халық табиғи газбен қамтылады.
Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-тан астам газ нысандарының мәселесі шешілді. 1,5 жылдың ішінде сақалды құрылыс ретке келтіріліп, 120 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газбен қамтылды. Бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауымен жүзеге асуда.
– Газдандыру қарқынын тоқтатпауымыз қажет. Сондай-ақ газ жеткізілген соң абоненттеу жұмыстарын жергілікті атқарушы орган мен «КазТрансГаз» ұйымы бірлесіп нақты шараларды қабылдау қажет. Жобалардың мерзімінде аяқталуы — жауапты тұлғалардың басты міндеті,— деді облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы.
Биыл облыста 54 нысан құрылысы аяқталып, 47 елді мекенде 75 мыңға жуық халыққа көгілдір отын жеткізу бойынша жобалар іске асырылуда. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Самұрық Қазына қоры арқылы қосымша 10 млрд.тг бөлініп отыр. Аталған қаражаттарды бөлуде Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына орай газдандыру көрсеткіштері төмен Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Бәйдібек аудандарына басымдық берілуде.
Халық санының өсуіне және экономикалық даму әсеріне байланысты қолданыстағы газ тарату станцияларының қуаттылығы жеткіліксіз болуы себепті өткен жылы облыста 2 газ тарату станциясы пайдалануға берілді. Ал, жыл соңына дейін тағы да 3 газ тарату станциясын іске қосылады.