Сауран ауданы Оранғай елді мекенін газбен қамту бағытында құрылыс жұмыстары басталды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров елді мекенге арнайы барып, тұрғындармен кездесті.
Қыркүйек айында басталған газ құбырын жүргізу құрылысы 2025 жылдың қараша айында аяқталу жоспарланған. Жалпы ұзындығы 97 шақырымды құрайды. Жұмыстар толық аяқталғанда 2188 абонент газбен қамтылады. Аталмыш жұмыстарды мердігер мекеме «KZ Invest Constuction» ЖШС атқарады. Ал, техникалық қадағалаушы «Инжиниринг Сервис Групп» ЖШС.
Алдағы уақыта газбен қамту бойынша Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды және ішкі құбырларына жобалар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Аталған жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджетке өтінім жолданған.
Жалпы, Сауран ауданында 10 елді мекенге табиғи газ құбыры жүргізіліп, қамтамасыз ету деңгейі 31,4 пайызды құрап отыр. Жыл басында Бершінтөбе, Ибата елді мекендері табиғи газға қосылған.
Айта кетейік, Түркістан облысында тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің айтуынша, 2024 жылы 86 нысанның құрылысына 12,2 млрд.теңге бөлініп, оның ішінде 48 нысанның (44 е.м., 7 жеткізуші газ құбыры 1 АГТС, 74 917 халық) құрылысы 2024 жылы аяқталады. Қалған 38 нысан 2025 жылға өтпелі.
Нәтижесінде Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 % -ға жетеді. Облыс елді мекендерін 100 % табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» облыс әкімдігімен бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекенді (469,6 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етуге қол жеткізеді.