ВИЦЕ -СПИКЕР МЕН СЕНАТОРЛАР ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін ҚР Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, сенаторлар Айгүл Қапбарова мен Нұрлан Бекназаров Шымкент қалалық сотының судьяларымен кездесті. Бұл туралы Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков сенаторларды қалалық соттың кіреберісінде қарсы алып, қонақтарды Қабылдау орталығымен таныстырды. Сот кеңсесінің меңгерушісі Айтолқын Омарова депутаттарды сотта жақында ашылған Фронт-кеңсенің жұмысымен, ал Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенби соттың мұрайжайымен және Ақпарат орталығымен таныстырды.

Сенаторлармен кездесу соттың үлкен мәжіліс залында өтті. Оған Шымкент қалалық, аудандық соттарының төрағалары мен судьялары, прокуратура мен құқық қорғау органдарының басшылары, Соттар әкімшісінің мамандары мен аудандық соттардың кеңсе меңгерушілері қатысты. Кездесуді төраға Е.Рахымбеков ашып, алғашқы сөзді Бектас Әбдіханұлына берді.

Б.Бекназаров өз сөзінде тұрғындардың құқықтарының сақталуы мен қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі және олардың мүдделерін заңнамалық деңгейде қорғалу мәселелері туралы, сонымен қатар сот жүйесін дамытуға қатысты басымдықтар жөнінде айтып өтті. Өткен жылы Парламент халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашатын 80-нен астам заң жобасын қабылдағанына тоқталып, Сенат тарапынан қабылданған заңдарды халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында биылғы 5-қаңтардан бастап өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесіп жүргеніне тоқталды.

Одан әрі сенатор: «Ең бастысы осы қабылданған барлық заңнамалар азаматтарды қолдауға және қорғауға арналды. Өткен жылы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. Бұл Заң зорлау, педофилия, браконьерлік, мал ұрлығы, есірткі тарату, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау инспекторларының өміріне қол сұғу, мас күйде көлік жүргізу және тағы басқа да ауыр қылмыстар бойынша жауапкершілікті қатаңдатты», — деді.

Сөзін аяқтай келе Бектас Әбдіханұлы, өзі 30 жыл судья болып қызмет еткен кезіндегі тәжірбиесімен бөлісіп, сот жүйесінің бағыттарын жаңғыртуға қатысты ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, судьялар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмыс барысында заңның талаптарын сақтап, оның үстемдігін қамтамасыз ету жағын баса айтып, жиынға қатысушыларды жаңа жылмен құттықтап, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Кездесу барысында судьялар мен прокурорлар Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Б.Бекназаровқа көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып және өздерінің ұсыныстарын да жеткізді. Сенатор өзіне қойылған барлық сұрақтарға толыққанды жауап беріп, өзінің ой-пікірлерімен де бөлісті.

Жиынды Е.Рахымбеков қорытындылап, сенатор тарапынан Шымкент қалалық сотына қатысты айтылған мәселелерді ескеретінін жеткізіп, Бектас Әбдіханұлы бастап келген барлық депутаттарға шынайы алғысын білдірді.

Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *