Қаратау ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында маңызды жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аудандағы инфрақұрылымның жақсартылуы мен әлеуметтік жағдайдың көтерілуіне бағытталған жобалар 2025 жылы да өз жалғасын табады.
Қаратау ауданында жалпы 2 саябақ пен 23 гүлзар орналасқан. 2025 жылы тағы 11 жаңа гүлзар пайда болып, бұл аудан тұрғындарына демалыс орындарын көбейтеді. Сонымен қатар, аудандағы 896 көшенің 545-і бүгінде жарықтандырылған. 2024 жылы 320 көше, ал 2025 жылы 351 көше жарықпен қамтылады, бұл ауданның толық жарықтандырылуына мүмкіндік береді.
Аулалар мен ойын алаңдарының жаңартылуы да жалғасады. Қаратау ауданында 626 көпқабатты тұрғын үй бар, олардың 210-ы аулаларымен біріктірілген. Қазіргі таңда барлық аулалар абаттандырылған. 2025 жылы 1 спорт алаңы мен 10 аула жаңартылып, жеке секторда 2 спорт алаңы мен 23 балалар ойын алаңы салынады.
Жол инфрақұрылымы да жақсарады. Аудандағы 896 көшенің жалпы ұзындығы 670,2 шақырымды құрайды, оның 486 шақырымы асфальтталған, ал 184 шақырымы шағал тас жолдармен жабылған. 2025 жылы тағы 60 көше асфальтталып, «Сайрам» тұрғын алабында 4,5 км жаяу жүргіншілер жолы салынып, 16 учаскеде арық жүйесі орнатылады.
Қаратау ауданының даму үдерісі күн санап өсіп келеді және алдағы уақытта да тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табады.