Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өтініштерін орындау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта Шардара ауданында ұзақ жылдар бойы өзекті болған ауыз су мәселесіне шешім табу үшін құрылыс жұмыстары басталды.
Аудан орталығынан 39 шақырым қашықтықтағы Шардара-Байырқұм жер асты су кен орнының Қ.Тұрысбеков ауылдық округі мен Тама-Тастанбек учаскелерінде құрылыс жұмыстары қолға алынды. Мердігер мекеме «Алтын констракшн» ЖШС құрылыс техникалары мен материалдарын жеткізіп, іске кірісті.
Жоба бойынша, топтық су құбырының ұзындығы 39,28 шақырымды құрап, тәулігіне 12 000 м³ ауыз су беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, су сорғы станциялары мен электр желілерін жүргізу жоспарлануда. 2008-2009 жылдары қайта барлау жұмыстары жүргізілген Шардара-Байырқұм жер асты су кен орнынан алынатын су ресурстары бекітілген.
Жоба іске асқанда, Шардара қаласы мен оған жақын 22 елді мекен ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілетін болады.