Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге бастаған француз кәсіпкерлерімен маңызды кездесу өткізді. Француздың жетекші компанияларының өкілдері, оның ішінде EDF, Veolia, AZ Syndicat, C3Medical, Dualest, СП ALMGT және Richel Group, Шымкентте бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

Қала әкімі мегаполиске көрсетілген ықылас үшін алғысын білдіріп, бұл ынтымақтастықтың жаңа серпін алатынын және бизнес-форум аясында ұйымдастырылған B2B және G2B кездесулерінің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Кездесудің қорытындысы бойынша 2025–2028 жылдарға арналған Жол картасына қол қойылды. Бұл құжатта мәдени және білім алмасуды дамыту, қала құрылысы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен инфрақұрылым салаларындағы француз технологияларын енгізу қарастырылған.
Сондай-ақ, Шымкент пен Франция арасындағы туризмді дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы да айтылды. Жол картасы аясында Шымкентте Франция мәдениеті күндерін өткізу және Францияда Шымкент күндерін ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл іс-шаралар екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен инвестициялық ахуалды нығайтуға үлес қосады.
Қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер туындап, Шымкенттің тұрақты дамуында бұл маңызды қадам болмақ. Шара барысында әйгілі француз шеф-аспазы Карлос Марсал мен қазақстандық шеф-аспаз Артём Канцев қонақтарға қазақ және француз тағамдарын ұсынды. Бұл гастрономиялық кешкі ас екі елдің мәдени және гастрономиялық мұрасын біріктіру мақсатында ұйымдастырылды.
Бұл кездесу Мемлекет басшысының инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу шарттарын оңтайландыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында өтті. Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Шымкент әкімі Қазақстандағы Франция Елшісі Сильван Гиогемен кездесу өткізген болатын. Бұл кездесулердің нәтижесінде екі тарап арасында бизнес-форум ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.