Шымкент қаласында «Су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығу екі күн бойы жалғасты.
Оқу-жаттығу аясында Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар департаменті штабы құрылып, қаладағы азаматтық қорғау қызметтері мен ұйымдарының дайындығы тексерілді. Сағат 11.00-де қалада жалпықалалық сирена қосылып, дабыл жүйесінің дайындығы сыналды.
Жаттығу барысында су тасқынын жоюға дайындық мақсатында қалада 2448 жеке құрам, 442 түрлі мақсаттағы техника, 81 мотопомпа және 8 жүзу құралы әзірлікке келтірілді. Қаланың орталық басқару штабы Еңбекші ауданы, Бадам-2 тұрғын алабында орналасып, жедел басқару штабына қатысты шешімдер далалық жағдайда қабылданды.
Оқу-жаттығудың алғашқы күнінде Шымкент қаласы ТЖД бастығы, генерал-майор Қ. Базарбаевтың жетекшілігімен азаматтық қорғау қызметтері күштері мен құралдарының дайындығы тексерілді. Сонымен қатар, шатырлы қалашық араланып, су тасқынын алдын алу үшін Қаратау ауданының Сайрам тұрғын алабындағы «Сайрам су» өзенінің шайған габион тастары орналастырылып, Қарабастау шағын ауданында «Бадам» өзенінің арнасы бұрылды. Бадам өзенінің арнасындағы каскадты тіреу құрылғысының шлюздері қоқыстан тазартылып, майлау жұмыстары жүргізілді.
Екінші күні Бадам өзенінің арнасы еріген қар мен жауынның салдарынан асып, су басу қауіпі туындады. Жағалауды нығайту және өзенді тазарту жұмыстарымен қатар, тұрғындар эвакуацияланып, зардап шеккендер №97 мектептің базасындағы қабылдау пунктіне орналастырылды. Сондай-ақ, каналдар механикалық тазартылып, су тасқыны орын алған өңірлерге қажетті техниканы теміржол платформалары арқылы тасымалдау шаралары пысықталды.
Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтері мен Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан әскери бөлімдері күштері мен құралдарының өзара әрекет етуі де сыналды. Шымкент қаласындағы бұл практикалық шаралар су тасқынына дайындықты арттыру мен қауіп-қатердің алдын алуда маңызды қадам болды.