Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті.

Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің отырысында келелі мәселелер айтылды. Кеңес құрамы 40 пайызға жаңарып, 16 аудандық және 7 салалық кеңестен барлығы 23 жаңа мүше қосылды. Отырыс барысында Өңірлік кеңестің төрағасы қайта сайланды. Кеңес мүшелері өз таңдауларын жасап, Өңірлік кеңестің төрағасы болып Нұралы Әлмаханұлы Әбішов сайланды.
«Біз шалғай аудандардағы шаруалардың алдына өзіміз барып, олардың жағдайын көзбен көріп, кәсіпкерлерге шынайы қолдау білдіруіміз керек. Кеңес мүшелерін кәсіпкерлердің мүддесін қорғауда белсенді болуға және кеңес жұмысына немқұрайлы қарамауға шақырамын. Өңір кәсіпкерлері үшін маңызды шешімдер қабылданатын алаң қалыптастыру қажет. Мемлекет басшысы еліміздің экономикасын өркендету бағытында нақты міндеттер мен айқын қадамдар жасап жатыр. Біз де барлық мәселелерді бірлесе шешуіміз керек. Сонымен қатар, бизнес мүддесін қорғауда табанды болуымыз қажет. Бұл кеңес тек облыс орталығындағы жиынмен шектелмеуі тиіс. Енді аудан-аудандарға барып, кәсіпкерлердің талап-тілегін тыңдап, мәселелердің нақты шешімдерін шешу үшін жұмыс істейік», — деді төраға Нұралы Әбішов.
Кездесуде 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, аудан және қалаларға шығу кестесі қаралды. Нұралы Әлмаханұлы барлық кеңес мүшелерін кәсіпкерлердің мүддесін қорғауда белсенді болуға шақырды.