Түркістан облысында мектеп оқушылары арасындағы шешендік өнерді дәріптеу мақсатында «Бала шешеннен-дана шешенге» атты республикалық байқау ұйымдастырылады. Бұл туралы өткен брифингте «Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Пернетай Досыбеков хабарлады.
«Бұл бастама елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу және жастар арасында шешендік өнердің танымалдылығын арттыру. Байқау еліміздің әртүрлі өңірлерінде өткізілуде, ал оның шешуші кезеңі Түркістан қаласында өтеді. Ақтық сын сәуір айында өтетін болады. Айта кетейік, байқаудың облыстық кезеңі Сайрам ауданында ұйымдастырылып, оған 300-ге жуық оқушы қатысты», – деді Пернетай Досыбеков.
Брифинг барысында «Төле Би» және «Әйтеке Би» қоғамдық қорларының төрағалары да өткізілетін іс-шараның ауқымы мен өткізілу тәртібін егжей-тегжейлі баяндап берді.
Бұл байқау елімізде шешендік өнерді насихаттауға үлкен үлес қосып, жас дарындардың шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді.