ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ЗАҢ ШАҺАРДЫ ДАМУҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының ерекше мәртебесін бекітетін Заңға қол қойды. Бұл құжат Түркістанды еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретінде қорғауды қамтамасыз ету мақсатында маңызды қадам болып табылады. Заңда 13 бап бар, ал Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына 44 қосымша құзыреттілік беріледі.

Құжатта Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасын сақтау мәселесі басты назарда. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, сондай-ақ ұлттық қолөнерді дәріптеу қарастырылған. Заңда биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салуға тыйым салу, археологиялық ескерткіштердің резерватын құру, мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризмді дамыту сияқты маңызды мәселелер қамтылған.

Қаланың бірегей сәулет ерекшеліктерін сақтауды қамтамасыз ету үшін дизайн код енгізу қарастырылған. Бұл шара Түркістанның тарихи келбетін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, әкімдік пен мәслихаттың өкілеттігі кеңейтіліп, тиімді басқару мен бақылау тетіктері ұсынылады. Мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау, туризмді дамыту, көлік транзитін реттеу және тұрмыс сапасын арттыру бойынша нақты шаралар көзделген.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аталған Заңның маңыздылығына тоқталып, бұл бастаманың Түркістанды дамытуда тың серпін беретініне сенім білдірді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапары кезінде Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы бастама көтерген болатын. Бұл Заң ел тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, ұлттың айбынын асырып, бірлігі мен ерлігінің ордасына айналған қала. Осы себепті оның мәні мен беделі әрдайым биік болады», – деп атап өтті Нұралхан Көшеров.

Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заң қабылданған соң, қаладағы даму үдерісі жаңа деңгейге көтерілмек. Айта кетейік, 2018 жылы Түркістан облысы құрылып, өңір жаңа даму кезеңіне қадам басқан болатын. Осы уақыт ішінде Түркістан қаласының халық саны 31,5%-ға өсіп, 2025 жылы 237 503 адамды құрауы күтілуде. Өңірлік өнім көлемі 4,5 есе артып, 2024 жылы 452,6 миллиард теңгеге жетті. Мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер екі еседен астам өсті, ал қала бюджеті 3 есе ұлғайып, 147,2 миллиард теңгені құрады.

Түркістанның туристік әлеуеті айтарлықтай артқан. 2023 жылы қалаға келген біркүндік туристер саны 165%-ға өсіп, 1 миллионнан астам адамды құраған. Бұл көрсеткіштің 2024 жылы 1,1 миллионға дейін өсуі жоспарланып отыр. Шетелдік туристер саны да екі есеге артып, өткен жылы 23,2 мың адамға жеткен. Түркістанға Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесі берілгеннен кейін қалада бірқатар республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени шаралар өткізілді.

Түркістанның тарихи келбетін сақтап, оны келешек ұрпаққа аманат ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Өңірде арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақ аясында жаңа жобалар жүзеге асырылады, зауыттар мен өндіріс орындары ашылып, өнеркәсіптік өнім көлемі арта түседі.

Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заң еліміздің мәдени және тарихи мұраларын сақтау мен дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл қалаға жаңа серпін беріп, оны еліміздің жүрегіне айналдыруға мүмкіндік жасайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *