Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Бұл жайында бүгін Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Президенттің сөзінше, елде жүргізілген ауқымды реформалардың арқасында Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Сонымен қатар ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Яғни жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды.
️Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосты. Жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырды. Алқалы жиын алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты.
Өзара түсіністік пен құрмет бар жерде келісім болады. Құрылтайдың түпкі мақсаты да – осы»