ҚАЛА ӘКІМІ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қала әкімі Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесті. Басқосуға Қонаев даңғылы, Майлы Қожа, Жангелдин, Қабанбай батыр, Терешкова көшелерінің және “Забадам” шағынауданының тұрғындары қатысты,-деп хабарлайды Bozyq.kz Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Кездесу барысында қала инфрақұрылымы мен абаттандыру сапасына қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту, аулалар мен қоғамдық орындарды көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру, бағдаршамдар мен жол белгілерін орнату мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар кәсіпкерлік нысандарының қызметі, аула аумағын тазалау, қоқысты уақытылы шығару, балалар және спорт алаңдарын жаңарту жөнінде ұсыныстар айтылды. Тұрғындар орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылу, емхана құрылысы, атауы жоқ көшелерге атау беру және қаңғыбас иттерді аулау мәселелерін де көтерді.
Көптеген өтініштер бойынша нақты түсініктемелер берілді, ал кейбір сұрақтар бойынша тиісті басқармаларға тапсырмалар жүктелді. Аудан әкімдігіне тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеу және әрбір мәселенің шешілу барысы бойынша кері байланыс орнату міндеті қойылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *