Наурыз мейрамына «Жібек жолы» халықаралық пойыз бағытымен Түркістанға 300-ден аса турист келді. Саяхатшылар Түркістан қаласының көрікті орындарын аралап, Наурыз мейрамын тамашалауды жоспарлап отыр.
Олар Түркістанның тарихымен, мәдениетімен танысады. Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалашығын аралап, Қожа Ясауи кесенесіне зиярат етеді. Сондай-ақ қаланың жаңа сәулет нысандарын, атап айтсақ, «Жастар» саябағын «Керуен сарай» кешенін аралайды.
Айта кетейік, өткен жылы «Жібек жолы» туристік пойызы өз жұмысын бастаған болатын. Бірнеше күнге созылатын саяхатта туристер Алматыдан бастап, Түркістан, Ташкент, Самарқанд және Шымкент қалаларын аралап, туристік орындарымен танысады.
Түркістанда туристік маусым 19 наурызда ресми түрде ашылды. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында E-qonaq бойынша қалаға келген шетелдік туристер саны 1310 адамды құрады. «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы берген мәлімет бойынша қаңтар-ақпан айында 47 мыңнан астам келушi тіркелген.