Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкент қаласында дәстүрлі «Күміс домбыра» республикалық жас ақындар айтысы өтті. Бұл шара қазақтың қасиетті сөз өнерін дәріптеуге арналған. Бесінші рет ұйымдастырылған айтыс түркітанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың 120 жылдығына арналып, жас ақындарға үлкен мүмкіндіктер сыйлады. 16 жас айтыскер ақын сахнада суырып салмалық пен тапқырлықтың үздік үлгілерін көрсетті.
Айтысқа ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбеков бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Бұл шара қала әкімдігінің қолдауымен және Қартау өнер мектебі ұжымының ұйымдастыруымен өтті.
Жас ақындар 4 айналым бойынша жеребе тартып, өнер көрсетті. Бас жүлде – күміспен қапталған домбыра мен 1 000 000 теңге қаржылай сыйақыны Қарағанды облысынан келген Нұрмұхаммед Байсүгір жеңіп алды. Сонымен қатар, ол «Алтын домбыра» сайысына жолдама алды. Шымкенттің 12 жасар өрені Ислам Али Біржанұлы бірінші орынды иеленіп, жастарға шабыт берді. Екінші орын Павлодар облысынан Ибраһим Қазыбек пен Абай облысынан Айбек Жеңісқазинға бұйырды.
Бұл айтыс жастарды ұлттық құндылықтарға баулып, суырып салмалық өнерді жаңғыртты. Шымкент төріндегі бұл дода қазақ өнеріне деген қызығушылықты арттырып, халықтың рухани серпілісін тудырды.