Шымкенттің көшелерін көктемнің алғашқы шуағына бөлеген сакура ағаштары өткен жылдың қараша айында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың бастамасымен отырғызылған еді. Қазіргі таңда 25 түп сакура бүршік жарды, қала көркін арттырып, ерекше әсемдік сыйлады.
Жапон мәдениетінің символы саналатын сакуралар «Журналистер» аллеясына, Назарбаев даңғылының бойына, Атлант сауда үйінің маңына, Сайрам және Жібек жолы көшелеріндегі гүлзарларға отырғызылды. Биіктігі 4-5 метрге жететін сакуралар тек қаланың табиғи сәнін арттырып қана қоймай, экожүйені жақсартуға да ықпал етеді.
Сакуралар дұрыс өсуі үшін тұрақты күтім мен суару жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Бұл жұмыстар қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бақылауында.
Сакура көшеттерін Шымкент қаласына «BI Group» ЖШС сыйға тартқанын атап өткен жөн.