Биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі елімізде 10 күн бойы аталып өтті. 23 наурыз – Наурызнаманың қорытынды күні Тазару күні деп жарияланып, Қазақстанның барлық өңірлерінде жалпыұлттық экологиялық акция ұйымдастырылды.
Бұл игі бастамадан Шымкент қаласы да шет қалған жоқ. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан Шымкент-Сити шағынауданында «Бір тал кессең, он тал ек» атты акция өтті. Оған қала тұрғындары, қоғам белсенділері, еңбек ардагерлері, еріктілер мен жастардан құралған 200-ден астам адам қатысты. Нәтижесінде шағынаудан аумағына 2600-ден астам шынар ағашының көшеті отырғызылды.
— Халқымыз ежелден Наурызда бұлақтың көзін ашып, айналаны күл-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызған. Сол дәстүрді жалғастыру – жаңа жылды таза ниет, жаңа мақсат және үмітпен қарсы алудың белгісі, — деді Шымкент қаласы Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бастархан Байжанов.
Сонымен қатар, бұл күні қала бойынша «Таза аула» атты экологиялық іс-шара өтті. Оған 4 мыңнан астам адам қатысып, аулалар мен көшелер күл-қоқыстан тазартылды. Ағаштардың түбі әктеліп, қураған бұталары кесілді. Қоқыс жәшіктері, қоршаулар мен орындықтар жаңартылып, сырланды.
Айта кетейік, Наурыз мерекесінен бастау алған бұл экологиялық шара сәуір айында да жалғасады.