Түркістанда «Jana lep» ұжымы «Алғашқы махаббат» спектаклінің премьерасын өткізеді

Түркістанда Қазақстандық режиссер Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» атты жаңа комедиялық спектаклі алғаш рет көрермен назарына ұсынылады.

Қойылымға «Jana lep» шығармашылық тобы және театр мен кино саласында танымал актерлер – Асылхан Төлепов, Ақнұр Рахат, Азат Асан және Шахмардан Алмахан қатысады.

«Jana lep» ұжымы жыл басынан бері бірқатар көрерменге ұмытылмас қойылымдар тарту етті. Жаңа туындының дәстүрлі сахналық қойылымдардың қатарына қосылатынына сенім білдірген кешен басшысы Асқар Кенехан:

««Алғашқы махаббат» спектаклі де көрерменнің көңілінен шығарына сенеміз. Қазірге дейін 1 000 орындық залдың 90 %-ына билет сатылып үлгерді» деді.

Кешеннің көркемдік жетекшісі Мерей Маханов спектакль сюжетінде мектеп өмірінің кіршіксіз сәттері мен жас жүректің алғашқы бейкүнә сезімдері көрініс табатынын атап өтті.

«Бұл қойылымда Қанат есімді бозбаланың ғашықтық сезімдері арқылы мектеп қабырғасындағы достық, ынтымақ және ұялшақ сырлар көрініс табады. Әр эпизод көрерменге жылы естеліктер сыйлайды» деді ол.

Аталған ашық көрсетілім – жас таланттарды қолдау, театр өнерінің қоғамдағы рөлін арттыру және отандық шығармашылық ұжымдардың жаңа туындыларын насихаттау бағытындағы ірі мәдени іс‑шаралардың бірі.

Премьера 10 сәуір күні «Конгресс холл» кешенінде өтеді. Билеттерді орталық кассалардан немесе онлайн платформа арқылы сатып алуға болады. Спектакльді тамашалауға асығыңыз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *