Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында ауқымды әрі нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі мен нәтижелілігіне мемлекеттік деңгейде жоғары баға берілді.
Халық саны қарқынды өсіп келе жатқан өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқықбұзушылықтар саны айтарлықтай азайған. Өткен жылы тіркелген 1 мыңнан астам дерекке қарағанда, биыл көрсеткіш 56,3%-ға төмендеген. Бұл – үйлесімді саясат пен нақты әрекеттердің айқын нәтижесі.
Мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен өткен кеңесте жан-жақты талқыланды. Мәжіліс барысында отбасы институтын нығайту, зорлық-зомбылықтың алдын алу, мемлекеттік отбасылық саясатты жүйелеу мәселелері сөз болды.
2017 жылы құрылған әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметтері бүгінде зорлық-зомбылық құрбандарымен жүйелі жұмыс істеп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Былтырдың өзінде 2,5 мыңнан астам әйелге кешенді психологиялық көмек көрсетіліп, 400-ден астам отбасы тиранымен түзету шаралары жүргізілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде облыстың барлық аудан-қалаларында “Отбасын қолдау орталықтары” жұмыс істеуде. Жыл басынан бері бұл орталықтарға 700-ден астам адам жүгініп, оларға психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік қолдау көрсетілген. Орталықтар тек кеңес беріп қана қоймай, қиын жағдайға тап болған азаматтарға уақытша баспана ұсынуда, жаңа өмірге жол сілтеуде.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды басты назарда ұстау қажеттігін тапсырды. Бұл – тек заңдық емес, идеологиялық, мәдени, рухани күрес. Әр азамат, әр отбасы бұл процеске араласып, бірлесе әрекет етуі қажет. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Ал БҰҰ Халық қоныстану қорының сарапшысы Сағадат Сабитова Түркістан тәжірибесінің көрші елдерге – Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанға үлгі болғанын атап өтті. Арнайы жүргізілген мониторинг нәтижесінде өңірдегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл жүйесінің тиімділігі артып, қорғаныс тетіктері күшейгені белгілі болды.
Жиынды қорытындылаған Мәлік Отарбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген бастамаларына тоқталып, елдегі реформалар ел сұранысына сай жүзеге асып жатқанын атап өтті.
– Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес – қоғамның мәдени, рухани деңгейімен тығыз байланысты. Заңның көптігі – мәдениеттің төмендігінен. Сондықтан отбасылық құндылықтарды дәріптеу, әдебиет, өнер, дін, руханият арқылы адам санасына әсер ету аса маңызды. Бұл – барша қоғам болып жұмылатын мәселе, – деді Президент кеңесшісі.