Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды экологиялық жұмыстар жүргізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы – ел тұрғындарын табиғатты қорғауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.

Шымкент қаласында 2024 жылдың басынан бері акция аясында 25 іс-шара ұйымдастырылып, 3000-нан астам жұмысшы және 4200 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 26 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, 10 мың ағаш көшеті отырғызылды.

Қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы белсенді жұмыс атқаруда. Басқарма табиғи ресурстарды басқару, көгалдандыру мен абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау салаларын қамтиды.

Соңғы уақытта әуежай маңы, Бәйдібек би даңғылы, «Шымсити» шағынауданы және «Tulip Hall» аумағында ағаш отырғызылып, скейт-парктер мен самалжайлар қалпына келтірілді. Қошқар ата мен Қарасу өзендері мен каналдарда күнделікті тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көктемгі маусымда арықтар тазаланып, қоғамдық орындар мен аялдамалардың тазалығына жауапты бригадалар құрылды. Сенбіліктерге мемлекеттік органдар, жастар ұйымдары, еріктілер мен қала тұрғындары белсенді қатысуда. Бұл шаралар тұрғындардың экологиялық сана-сезімін арттыруға ықпал етуде.

Биыл жасыл белдеуге 100 мың ағаш, орталық көшелерге 14 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Абай, Металлург және Алатау саябақтарында балаларға арналған ойын алаңшалары салынуда. Бұрынғы 45 гектарлық қоқыс полигонының орнында экологиялық саябақтың құрылысы басталды. Жоба аясында амфитеатр, жасанды көл, веложолдар және спорт алаңдары салынбақ.

Қаланың көріктендірілуі де назардан тыс емес. 1 млн қызғалдақ пен 1,3 млн біржылдық гүл егу жоспарланған. 24 көшені көгалдандыруға тендер жеңімпаздары анықталды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бірнеше гүлзар салынып, биылғы жылы тағы үшеуі пайдалануға берілмек.

2025 жылдың наурызынан бастап апта сайын сенбіліктер өткізіліп, өзен арналары мен аяқ жолдар тазартылып, ағаш көшеттері отырғызылып жатыр. Бұл тек тазалық шарасы емес, сонымен бірге қоғамның бірлігі мен жауапкершілігін арттыратын маңызды іс-шара.

Таза қала — дені сау ұрпақ пен мәдениетті қоғамның айнасы. Әр тұрғын экологиялық тәртіпке үлес қосуы тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *