Шымкент қаласында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған прокуратура қызметкерлері Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық спартакиадада бас қосты. Бұл шара – салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, Отанға деген сүйіспеншілік пен рухани сабақтастықты дәріптеуге бағытталған.
Спартакиаданың ашылуында ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың арнайы құттықтауы оқылды. Құттықтауда соғыс жылдарында прокуратура органдарының ерлігі ерекше аталып, Бауыржан Момышұлы, Нұркен Әбдіров, Мұса Баймұқанов, Садық Әбдіжаппаров секілді Кеңес Одағы Батырларының, Халық қаһарманы Иван Гапичтің есімдері құрметпен еске алынды. Бұл жарыс – сол ерліктің заңды жалғасы екені атап өтілді.
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов қатысушыларды құттықтап, спартакиаданың елге деген сүйіспеншілікті, ерлік пен отансүйгіштікті нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды.
Жарысқа еліміздің барлық өңірінен келген 25 команда қатысты. Қатысушылардың дені – 40 жасқа дейінгі жас мамандар. Бағдарламада арқан тарту, гір көтеру, эстафеталық жүгіру және басқа да спорттық сайыстар қамтылды. Спортшылардың өнерін кәсіби төрешілер бағалауда.
Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл спартакиада – жай ғана спорт додасы емес, рухани бірлік пен патриотизмнің жарқын көрінісі болды.