Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылында жаңа шағынауданың капсуласын салу салтанатты рәсімі өтті. Жалпы аумағы 60 гектарды құрайтын жаңа қалашықта 2300-ге жуық пәтерді қамтитын 47 көпқабатты тұрғын үй бой көтермек. Бұл жобаның нәтижесінде шамамен 12 мың тұрғын жаңа баспанаға қол жеткізеді.
Құрылыс барысымен танысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жергілікті тұрғындармен кездесіп, бұл тарихи сәттің өңір үшін маңыздылығын атап өтті.
– Бүгін біз Сайрам ауданының өркендеу жолындағы аса маңызды жобаның басталуына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы өз Жолдауында баспана мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Осы тапсырма аясында облыста нақты жобалар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Қарасу ауылындағы бұл құрылыс – тұрғын үй тапшылығын азайтуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадам, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде Сайрам ауданында 63 мыңнан астам азамат жер теліміне, 4200-ден аса адам баспанаға мұқтаж ретінде кезекте тұр. Жаңа шағынауданда мектеп, балабақша, емхана, әкімшілік ғимарат, Мәдениет үйі мен Жастар сарайы сынды бірқатар әлеуметтік нысандардың салынуы жоспарланған.
Сондай-ақ, облыс басшысы тұрғындарды тазалықты сақтауға, көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысуға шақырып, коммуналдық мекеме қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Жергілікті тұрғындар бұл бастаманы қуанышпен қарсы алып, өңір басшылығына алғыс білдірді. Ауылдың әлеуметтік келбетін жаңартуға бағытталған бұл жобаның ел игілігі үшін маңызды екені айтылды.
Айта кетейік, Сайрам ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында да жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жергілікті бюджеттен 455 млн теңгеге 20-дан астам арнайы техника сатып алынса, облыстық бюджет есебінен тағы 175 млн теңге бөлініп, техника паркі жаңартылуда.