Қазақстанда алғаш рет М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті бастамасымен еліміздің оңтүстік өңірлеріне кәсіптік бағдар беру мақсатында «Serpin Way» атты арнайы автобус туры ұйымдастырылады. Бұл жөнінде университет оқытушысы Қанат Смаилова брифинг барысында хабарлады.
Спикердің айтуынша, аталған бастама шеңберінде университет ұжымы Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы 30-ға жуық елдімекенді аралап, мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына Солтүстіктегі жоғары білім беру мүмкіндіктерін таныстырады.
– Бағдарламаның басты мақсаты – Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлеріндегі кадр тапшылығы мен жастар санының аздығы мәселесін шешу. 2014 жылдан бастап М.Қозыбаев атындағы университет осы бағдарлама аясында жастарды оқытып, кәсіби мамандар даярлап келеді. Студенттерге тегін оқу, жатақханамен қамту, стипендия, жол ақысы мен жұмыс орны ұсынылады. Диплом алған соң 2 жыл жұмыс істеу міндеттеледі. Бұл мемлекеттік грантпен салыстырғанда бір жылға қысқа мерзім, – деді оқытушы Насихат Смайл.
Сондай-ақ, брифингте Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ернар Бектаев биыл Түркістан облысынан арнайы делегация құрылып, Солтүстік Қазақстандағы 17 жоғары оқу орнының жұмысымен танысқанын атап өтті. Делегация құрамындағы мамандар өңірлерде оқып жатқан түркістандық студенттермен кездесіп, пікір алмасқан.
– Түркістан облысында «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқуға түсу мүмкіндігі жоғары. Солтүстік, Батыс, Шығыс және Орталық Қазақстан аймақтарынан келетін оқу орындары өңірімізде жүйелі түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде 2024 жылы облысымыздан 802 түлек аталған бағдарлама аясында мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл бастама өңіраралық білім алмасуға және жастардың кәсіби дамуына үлкен серпін беріп отыр, – деді Ернар Бектаев.
Қазіргі таңда Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында бағдарлама бойынша ақпараттық жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде.