Өрт пен газдан уланудың алдын алу: ТЖД 155 мың тұрғынмен жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізді

2024–2025 жылғы жылыту маусымында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды алдын алу шараларын жүргізді.

Өрт қауіпсіздігін сақтау, көмірқышқыл газынан улану жағдайларын болдырмау және қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында 52 043 тұрғын үй араланып, 155 мыңнан астам азаматпен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Халықты ақпараттандыру бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Жылыту маусымының басынан бері әлеуметтік желілерде 321, ал бұқаралық ақпарат құралдарында 763 материал жарияланды. Оның ішінде 125 мақала баспа беттерінде жарық көрсе, 88 бейнематериал телеарналар арқылы көрсетілді және 550 хабарлама радиодан таратылды. Сонымен қатар, қаланың барлық шағынаудандарында дауыс зорайтқыштар арқылы 1090 рет қауіпсіздік жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылып, 2222 отбасыға қауіпсіздік жадынамалары таратылды. Табиғи газбен қамтылмаған 22 жатақхана толықтай тексеріліп, тұрғындарға өрт пен уланудың алдын алу жолдары түсіндірілді. Қатты отынмен жылытылатын 13 мыңнан астам үй де назардан тыс қалмай, иелерімен жеке әңгімелер жүргізілді.

Алдын алу шараларының нақты нәтижелеріне келсек, 150 үйге газанықтағыш құрылғылар орнатылып, 220 үйдің мұржасы тазартылды. Бұл — өрт пен улану қаупін азайтудың тиімді жолдарының бірі. Сонымен қатар, жылыту маусымы барысында тұрғындардың мобильді нөмірлеріне аптасына бір рет қауіпсіздік туралы SMS-хабарламалар жолданып отырды.

Аталған жұмыстар туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрболат Нұржанұлы Педен мәлімдеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *