«Оян, қазақ»: Сарыағаштық жас ұстаз кітап оқуға ынталандыратын ерекше жобаны іске қосты

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының білім саласында жаңа серпіліс бар. №74 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәуренбек Нұрқұлов оқушыларды кітап оқуға баулуға бағытталған ерекше жобаны қолға алды. «Оян, қазақ» деп аталатын бұл бастама жас ұрпақты рухани, зияткерлік тұрғыдан байытуға бағытталған тың қадам.

Жоба аясында жас ұстаз оқушыларға арналған заманауи сайт ашып, оны түрлі мазмұнмен байытты. Қазіргі таңда бұл ресурсты 150-ден астам оқушы белсенді түрде пайдаланып келеді. Сайтта 200-ден астам кітап қоры жинақталған: танымдық әдебиеттерден бастап, қазақ қаламгерлерінің шығармалары, әлем әдебиетінің жауһарлары мен қазіргі заманғы бестселлерлерге дейін бар.

«Кітап оқу – баланың жан дүниесін байытып қана қоймай, оның болашағына жол ашады. Білімнің бастауы – кітапта. Сол себепті мен бұл жобаны тек қана оқу мәдениетін арттыру емес, оқушылардың талдау, сыни ойлау қабілеттерін дамытатын құрал ретінде қарастырдым», – дейді жобаның авторы Дәуренбек Миратұлы.

«Оян, қазақ» жобасы өз тиімділігін дәлелдеп, аудандық «Дарынды оқушыларға – талантты ұстаз» байқауында жоғары бағаланды. Жас ұстаздың айтуынша, оқу мен академиялық жетістіктің арасындағы байланыс айқын. Кітап оқуға машықтанған оқушы тек пәндік біліммен ғана шектелмей, жан-жақты дамыған тұлғаға айналады.

Сайт 7 негізгі бөлімнен тұрады:

  • Басты бет

  • Жаңалықтар

  • Kitap Fest

  • E-кітап

  • Аудио кітапхана

  • Үздіктер тақтасы

  • Жобаның авторы және кері байланыс

Бұл бөлімдер оқушылардың қызығушылығын оятып, білім мен кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырады.

«Кітап оқу жобалары – бұл бүгінгі білім беру жүйесінің маңызды бөлігі. Олар жастардың интеллектін дамытып, ой-өрісін кеңейтеді. Сондықтан да осындай бастамаларды дамыту – қоғамның ертеңгі күнге деген инвестициясы деп білемін», – дейді жас ұстаз.

Жоба арқылы оқушылар тек кітап оқып қана қоймай, шығармаларды талдау, өз ойларын еркін жеткізу, пікір айту, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу сияқты дағдыларды да меңгере алады. Бұл – ұрпақты еркін ойлауға, ізденуге, сапалы білімге баулитын жарқын жол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *