Түркістанда сән мен мәдениет тоғысқан – «ASPARA FASHION WEEK» жобасының мерейтойлық маусымы өтед

Сән мен өнердің жауһары, заманауи стиль мен дәстүрдің үйлесімі – осының барлығы Түркістанда 23-25 сәуір аралығында өтетін халықаралық «ASPARA FASHION WEEK» жобасының 15-мерейтойлық маусымында көрініс табады. 2017 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан бұл сән апталығы бүгінде әлемдік сән индустриясының маңызды оқиғаларының біріне айналып, дүниежүзілік сән күнтізбесіне ресми түрде енген.

Бұған дейінгі маусымдарда 55 елден 700-ден астам дизайнер қатысып, Қазақстанның бай мәдениетімен, дәстүрімен және туризм әлеуетімен танысқан болатын. Бұл туралы жоба президенті Айдархан Қалиев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«ASPARA FASHION WEEK» бүгінде әлемдік сән апталықтарының үздік 20-дан астамымен серіктестік орнатып үлгерді. Біздің жобамыз туралы «FNL Network», «ELLE», «Fashion Collection», «Gazzetta Italia», «Business Emirates» сынды беделді басылымдар мен телеарналарда жарияланды. Бұл – қазақ сән өнерінің халықаралық сахнаға шыққанын айғақтайтын айқын дәлел», – деді Айдархан Қалиев.

Түркістан төрінде өтетін бұл сән апталығында әлемнің 10 елінен келген 40-тан астам дизайнер өз топтамаларын ұсынады. Қатысушылардың 70%-ға жуығын қазақстандық жас сәнгерлер құрайды. Жоба ұйымдастырушылары мұндай платформалар арқылы отандық дизайнерлерге халықаралық тәжірибе жинауға, әлемдік сән шеберлерімен шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік беруді көздейді.

Италиялық MadMood Fashion Week Milano халықаралық жобасының президенті Марианна Мичелли де өз әсерімен бөлісті:

«Түркістан – тарих пен дәстүрдің тоғысқан мекені. Мұнда дәмді тағам, қонақжай халық және ғажайып көріністер бар. Біз дәл осы қалада болудан үлкен қуаныш сезіндік», – деді ол.

Айта кетейік, «ASPARA FASHION WEEK» жобасы Түркістан қаласының ЮНЕСКО тарапынан «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» мәртебесін алуына орай ұйымдастырылып отыр. Бұл мәртебе киелі шаһардың ұлттық мұра мен заманауи шығармашылықты ұштастыра отырып әлемдік деңгейге көтерілгенінің белгісі.

Сән әлемінің жүрегі енді Түркістанда соғуда. Бұл мерейтойлық маусым тек сән көрсетілімі ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен шеберліктің, шығармашылықтың биік шыңы болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *