Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты «Нұрсәт» шағынауданында экологиялық серпіліс болды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған кезекті сенбілік тұрғындар мен еріктілердің белсенді атсалысуымен жоғары деңгейде өтті.

«Таза қала – жайлы өмір» ұранын негізге алған бұл бастама – табиғатқа жанашырлықпен қараудың нақты көрінісі. Акцияға аудан әкімдігі мен коммуналдық қызмет өкілдері, сондай-ақ жанашыр жергілікті тұрғындардан құралған 150-ге жуық адам қатысты. Қала тазалығына үлес қосу мақсатында 4 арнайы техника жұмылдырылды.
Іс-шара барысында 5 ауланың шөбі шабылып, тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстардың жалпы көлемі 14 текше метрге жуықтайтын бөлігі арнайы полигондарға шығарылды. Бұл – қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған нақты іс пен берік ниеттің жемісі.
«Мұндай сенбіліктер – тек қоқыс жинау емес, бұл – ортақ мәдениеттің, жауапкершіліктің және қоғам алдындағы парыздың көрінісі. Әр тұрғын табиғаттың амандығына үлес қосса, қаламыз таза, өміріміз жайлы болары анық», – дейді ұйымдастырушылар.
Экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осыған орай, Қаратау ауданы әкімдігі мұндай сенбіліктерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тұрғындарды белсенді түрде қатысып, туған өлкеге жанашырлықпен қарауға шақырады.