Шымкенттегі дендросаябақ – еліміздегі ең алғашқы дендрологиялық саябақ. Бастапқыда қоқыс төгетін орын болған бұл аумақ белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен 1979 жылы жасыл желекке айналды.
Саябақ аумағында әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген ағаш түрлері өседі. Мұнда көктерек, балқарағай, самырсын, магнолия секілді ағаштардың көшеттері отырғызылып, 500-ден астам өсімдік түрі өсірілген.
Сонымен қатар, саябақ фауна тұрғысынан да байытылған. Онда тиін, елік, теңбіл бұғы, тауыс секілді жануарлар мен құстар мекендейді. Ал саябақ ішіндегі көлге аққу, қаз, үйрек және түрлі балық түрлері жіберілген.
2019 жылы саябақтың 40 жылдығына орай оған Асанбай Асқаровтың есімі берілді.
Биыл саябақ Өзбекстанның Ташкент, Қырғызстанның Бішкек қалалары және Қазақстанның Астана, Алматы, Щучинск қалаларындағы ботаникалық бақтармен меморандум жасасты. Нәтижесінде саябаққа бұрын кездеспейтін 179 түрлі ағаш-бұта тұқымдары, 41 түрлі ағаш көшеттері мен 84 түрлі ағаш-бұталардың жасыл қаламшалары әкелінді. Қазіргі таңда оларды жерсіндіру және өсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – саябақтың биологиялық әртүрлілігін арттыру мен ғылыми зерттеулерді дамыту жолындағы маңызды қадам.
Қазіргі таңда дендросаябақтың гендік қоры 214-тен 257 түрге жетті. Биыл әкелінген 132 түрлі ағаш-бұта тұқымын өсіру арқылы бұл көрсеткішті 400 түрге жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, оранжереяда өсетін субтропикалық өсімдіктердің – пальма, фикус, фикус бенджамин, шеффлера, папоротник, плющ және вилица қаламшалары алынып, бүгінде жылыжайда өсіріліп жатыр.
Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген және сирек кездесетін өсімдіктер – тобылғы, қызыл барбарис, үлкен жемісті итмұрын, теңіз шырғанақ (облепиха), рододендрон, мушмула және қылқан мен жай жапырақты ағаш-бұта көшеттері де саябақ аумағына отырғызылды.
Саябақ аумағындағы тазалық жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Тазалық шаралары күнделікті негізде жүргізіледі. Сонымен қатар, қураған ағаштарға санитарлық қырқу жұмыстары жүргізіліп, мәдени бау-бақшалар мен жүзім алаңдары қалпына келтірілді.