Түркістан облысы әкімдігінде футболды дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген жиын өтті. Жиынды облыс әкімі Нұралхан Көшеров жүргізіп, спорт саласына жауапты басшылар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында футболды дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Оның ішінде кәсіби клубтарды жекешелендіру, инфрақұрылымды жетілдіру және қаржыны тиімді пайдалану мәселелері бар. Өкінішке қарай, бұл бағытта айтарлықтай жұмыс байқалмайды. Қай аудан мен қалада футболға арналған спорт нысандары жеткілікті немесе жеткіліксіз екенін анықтап, толық зерделеу қажет. Сонымен қатар, кәсіби клубтарға бөлінген қаржы мен олардың нәтижелерін салыстырып, тиімділігін бағалау керек. Жалпы, өңір клубтарының қазіргі көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Футболды жүйелі түрде дамыту жоспары әзірленсін, – деді облыс әкімі.
Жиын барысында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров футболды дамыту бағытында жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста 3 жылға арналған футбол инфрақұрылымын зерделеу жұмыстары жүргізілген.
Бүгінде өңірде футболмен айналысуға мүмкіндік беретін 1249 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 21 стадион, 141 жабық манеж, 208 алаң және 879 шағын алаңша бар. Бұл нысандардың 635-і білім беру ұйымдарының меншігінде. 2023 жылмен салыстырғанда нысандар саны 107-ге артқан. Соңғы екі жылда 4,8 млрд теңгеге 107 футбол нысаны (1 академия, 14 манеж, 92 алаңша) пайдалануға берілді. Оның ішінде 1,4 млрд теңге – жергілікті бюджет есебінен, 3,4 млрд теңге – жеке инвестиция арқылы қаржыландырылған. Биыл тағы 7 футбол манежі мен 51 алаңшаның құрылысы жүргізілуде.
Айта кетейік, бүгінде облыста футбол 88 ұйымда дамытылып, 13 650 бала жаттығуда. 2025–2027 жылдарға арналған футболды дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама әзірленуі жоспарланып отыр.