Қуыршақ театры – рухани байлықтың қайнар көзі

Қуыршақ театры — халқымыздың мәдени мұрасында ерекше орын алатын өнер түрі. Бұл театрдың басты ерекшелігі — қуыршақтар арқылы көрерменге ой салу, тәрбиелік мәні бар туындыларды жеткізу. Әсіресе, балалардың дүниетанымын қалыптастыруда, қиялын дамытуда қуыршақ театрының рөлі зор. Тарихқа көз жүгіртсек, қуыршақ өнері ғасырлар бойы халықтың салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін көрсетіп, тәрбиелік мәні бар қойылымдар арқылы ұрпақ санасына рухани байлықты сіңіріп отырған. Бүгінгі таңда да қуыршақ театры заман талабына сай дамып, көрерменге жаңа қырынан танытылып келеді.


1935 жылы Алматы қаласында алғашқы мемлекеттік қуыршақ театры ашылып, балаларға арналған тәрбиелік қойылымдар қоя бастады. Осы кезден бастап қуыршақ театры үлкен даму жолынан өтіп, еліміздің әр өңірінде жаңа театрлар ашылып, шығармашылық топтар жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп келеді. Қуыршақ театры тек балалар үшін емес, ересектерге де арналған терең мағыналы қойылымдармен танымал бола бастады. Қазіргі заманда түрлі технологиялар мен сахналық мүмкіндіктердің арқасында қуыршақтар арқылы күрделі тақырыптарды көтеріп, көрерменге әсерлі ой тастау мүмкіндігі артуда.

Ендеше, театр тынысынан сыр шертетін Әкімшілік және ақпарат бөлімінің меңгерушісі Гүлім Көпбайқызымен сұхбаттасып көрейік.

– Сәлеметсіз бе, Гүлім Көпбайқызы. Мен сізден «Әкімшілік және ақпарат» бөлімі жайлы мәлімет алсам деп едім. Осы бөлімнің қызметі туралы қысқаша айтып берсеңіз.

– Біздің бөлім тікелей театрдың әкімшілік мәселелеріне жауап береді. Жылдық және маусымдық жоспарды әзірлейміз. Сонымен қатар, көрермендермен тікелей байланыс жасап, тоқсандық есептерді жүргіземіз. Театрда өтетін әр мереке қарсаңындағы жобаларға да біздің бөлім жауапты.

– Сонымен қатар, театрда өтетін фестивальдерде де сіздердің бөлімнің атқарар жұмысы орасан зор ғой. Солай ма?

– Иә, өздеріңіз де білесіздер, біз биыл үшінші рет «Almaty Puppet Festival»-ді өткізгелі отырмыз. Бұл фестивальдің тұжырымдамасы, негізгі ережелері және ұйымдастыру жұмыстарының барлығы Даму бөлімімен бірлесе отырып, біздің бөлімнің үйлестіруімен жүзеге асады.

– Биыл өтетін «Almaty Puppet Festival»-ге қатысатын мемлекеттер тізімі белгілі ме?

– Қазіргі таңда біз барлық театрларға фестиваль анкеталары мен ережелерін жолдадық. Өтініштерді тамыз айына дейін қабылдаймыз. Сондықтан нақты қатысушы мемлекеттер тізімі әлі бекітілген жоқ. Алайда, қазірдің өзінде бірнеше өтініш келіп түсіп жатыр. Географиялық ауқымды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылы он беске жуық театр ұжымы өнер көрсетсе, биыл бұл көрсеткіш артуы мүмкін.

– «Әкімшілік және ақпарат» бөлімінің басты нәтижелерімен бөліссеңіз.

– Біздің басты жетістіктеріміздің бірі – театрдың 85 жылдығына арналған үлкен фотоальбом. Бұл альбомда театр тарихы, осы жылдар ішінде қызмет еткен актерлер мен қойылған спектакльдер туралы жан-жақты мәліметтер қамтылған. Қазір біздің бөлім театрдың 90 жылдығына арналған іс-шараларға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Әлеуметтік желілердегі парақшаларыңызда спектакльдер мен репертуарлардан бөлек түрлі айдарлар жүргізіледі екен. Осы бағдарламалардың негізгі бағытын айтып өтсеңіз.

– Иә, біз Instagram, TikTok, YouTube, Telegram секілді түрлі платформаларда белсендіміз. Көрерменді жан-жақты ақпараттандыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл тек спектакльдерді жарнамалау емес, сахна сыртындағы қызықты оқиғаларды да көрсету арқылы көрерменмен байланыс орнатуға тырысамыз. Мысалы, актерлеріміздің шығармашылығына қызығушылық танытатын, бірақ оларға тікелей сұрақ қоюға қымсынатын көрермендерге парақша арқылы ашық болуға жағдай жасаймыз. Осындай белсенді насихат жұмыстарының нәтижесінде қатарынан төрт жыл «Сыншылар жүлдесінде» «БАҚ өкілдерімен ең жақсы жұмыс жасаған театр» номинациясын жеңіп алдық.

– БАҚ өкілдерімен тығыз байланыстамыз дедіңіз. Жылдық қорытынды бойынша қанша рет БАҚ беттерінен орын аласыздар?

– Жылдық қорытынды бойынша біз шамамен 500-ге жуық жарияланым жасаймыз. Жыл басында нақты жоспар құрып, қанша премьера қойып, қанша рет БАҚ беттерінде көрінуіміз керек екенін анықтаймыз. Фестивальдер аясында да телеарналармен, радиолармен байланыс орнатып, кең ауқымды ақпараттық қолдау жасаймыз.

– Театрдың 90 жылдығына дайындықтарыңыз қалай?

– Театрдың 90 жылдығына арналған ауқымды жоспарлар бар. Мерейтойлық жоспар 2025 жылдың басында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы тарапынан бекітілді. Алдағы уақытта халықаралық деңгейде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылады. Мамыр айында театрдың 90 жылдығына арналған тарихи кітаптың тұсаукесері өтеді. Күзде «Almaty Puppet Festival ІІІ» халықаралық фестивалі ұйымдастырылады. Фестиваль аясында театрда тұңғыш рет музей ашу жоспарланған. Сонымен қатар, мамыр айында театр ішінен арнайы зертхана (лаборатория) ашылып, халықаралық форум өткізу де жоспарда бар.

– Сұхбатымызға уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Жұмыстарыңыз жемісті бола берсін!

Міне, біз қуыршақ театрының ақпараттық бөлімі жайлы тың мәліметтерге қанық болдық. Қуыршақ театры — халықтың рухани әлемінің айнасы, тәрбие мен өнердің тоғысқан тұсы. Ол — тек көңіл көтеру құралы емес, жас буынның жан дүниесін байытып, өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын маңызды өнер саласы. Сондықтан бұл театрдың дамуына қолдау білдіріп, оның құндылығын арттыру — барша театр қызметкерлерінің борышы. Қуыршақ театрының болашағы жарқын, себебі ол — бала мен өнер арасындағы алтын көпір.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *