Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Түркістан облысында ауқымды жүгіру жарысы – «Бірлік жарысы» ұйымдастырылды.

Түркістан қаласында өткен бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қала тұрғындары мен түрлі этнос өкілдері қатысты. Жалпы саны 2000-нан астам әуесқой спортшы «Денсаулық» саябағынан бастап, «Достық» үйіне дейінгі 6,2 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.
Айта кетейік, бұл жарыс облыстың барлық 17 аудан-қаласында бір мезгілде өткізіліп, жалпы саны 6000-нан астам адамды қамтыды.
Шараның басты мақсаты – Қазақстанда өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің бірлігі мен достығын нығайту, бейбітшілік пен татулықты дәріптеу, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау.

Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше санат бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, 18–29 жас, 30–39 жас, 40–49 жас және 50 жастан жоғары топтар арасында ерлер мен әйелдер жүгіріп өтті.
Жарыс соңында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жеңімпаздарды арнайы диплом және медальдармен марапаттады.