Бүгін Шымкент қаласында ел бірлігі мен татулығын ұлықтайтын маңызды мерекелердің бірі — Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті.

Мерекелік іс-шара халқымыздың ынтымағы мен достығын дәріптейтін “Бірлігіміз жарасқан” атты салтанатты жиынмен басталды.
Шараға қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, ұлт пен ұлыс арасындағы береке мен келісімді сақтау — баршамыздың ортақ борышымыз екенін атап өтті.
– Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бірлік пен келісімге ұмтылу – халқымыздың тарихи дәстүрі әрі басты байлығы. Бұл күн әр шаңыраққа шаттық пен жылылық, бейбіт өмір мен берекелі болашақ сыйласын, – деді қала басшысы.
Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде Қазақстанның бүгінде этносаралық татулық пен тұрақтылықтың жарқын үлгісіне айналғанын тілге тиек етіп, жүзден астам ұлт пен ұлыстың тату ғұмыр кешіп жатқан Шымкент қаласын достықтың символына теңеді.
Мерекелік іс-шара барысында қала әкімі этномәдени бірлестіктердің қолөнер көрмесін, жас кәсіпкерлердің заманауи жобаларын аралап көріп, олардың еңбегіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар қаланың дамуына, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медальдарын табыстады.
Мерекенің көркін шығармашылық ұжымдар мен этномәдени бірлестіктердің өнері аша түсті. Ұлттық салт-дәстүрлер мен мәдени мұралар дәріптеліп, сахнада түрлі этностардың биі мен әні орындалды.
Жиын соңында Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің алдағы уақытта да бейбітшілік пен келісімнің, рухани тұтастық пен тату көршіліктің ордасы болып қала беретініне сенім білдірді.