Түркістан облысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік шабандоздардың басын қосқан дүбірлі дода – көкпардан республикалық ашық турнир басталды.

Бұл айтулы жарыс Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ат спортының ардагері, КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Әбілхан Дауылбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
Биыл төртінші рет өткізіліп жатқан жарысқа Түркістан, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы, сондай-ақ Қазығұрт пен Меркі аудандарынан келген командалар қатысуда. Турнир айналмалы жүйе бойынша өтуде, қатысушылар екі топқа бөлініп, тартысты бәсекеде бақ сынауда.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысты. Шабандоздарға сәттілік тілеп, ұлттық спортты дамыту жолындағы мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

Турнирдің алғашқы кездесуінде Түркістан облысының құрамасы Қазығұрт ауданының командасымен ойнап, 8:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл – шабандоздардың жоғары деңгейдегі дайындықпен келгенінің айқын көрінісі.

Жарыс қорытындысы 4 мамыр күні белгілі болады. Бас жүлдеге 5 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы тігілсе, екінші орын иегері 3 миллион, ал үшінші орын иегері 2 миллион теңге иеленеді.
Бұл турнир – ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, өскелең ұрпаққа көкпардың қадір-қасиетін танытуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, ұлттық мұрамызды ұлықтаудың, бірлікті бекемдеудің және рухани жаңғырудың жарқын көрінісі ретінде ел есінде қалары анық.