Бүгін Шымкент қаласындағы «Мұз сарайы» спорт кешенінде конькимен мәнерлеп сырғанаудан «Shymkent Skate» халықаралық турнирі басталды. Жас спортшылар арасындағы бұл байрақты бәсеке Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылуда.

Турнирге Өзбекстан мен Қырғызстаннан, сондай-ақ Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген 12 команда қатысуда. Мұз айдынында әртүрлі жас санаттары бойынша 150-ге жуық спортшы өнер көрсетіп, өзара үздікті анықтайды.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Шымкент қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов:
— Құрметті жарысқа қатысушылар! Сіздерді Шымкент қаласында өтіп жатқан осынау дүбірлі додада көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Бүгінгі жарысқа қатысушы жас спортшылар арасынан Қазақстанның көк байрағын әлемдік аренада биікте желбіретер жеңімпаздар, болашақ Олимпиада чемпиондары шығатынына сенімдімін. Сол асқақ мақсатқа жету үшін күнделікті жаттығуда тынымсыз еңбек етіп, дәл осындай жарыстарда шеберліктеріңізді шыңдай түсулеріңіз қажет. Баршаңызға сәттілік тілеймін! — деп атап өтті.
Сонымен қатар ол Шымкент қаласында қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, мәнерлеп сырғанау бірнеше бағытты қамтиды: жекелей, жұптық, топтық сырғанау, сондай-ақ мұздағы би түрлері бар.
-
Жекелей сырғанауда спортшы міндетті және еркін бағдарлама бойынша өзінің шеберлігі мен көркемдік қабілетін көрсетеді.
-
Жұптық сырғанауға бір қыз және бір ұл қатысады. Бұл бағыттың үш түрі Олимпиада бағдарламасына енген.
-
Мәнерлеп сырғанау элементтері әртүрлі жылдамдықта, айналу, секіру, күрделі қозғалыс бағытында орындалады.
Бұл спорт түріне балаларды 5–6 жастан бастап баулиды.