Абай ауданында қазіргі таңда 27 елді мекен бар. Олардың аумағында жалпы саны 55 159 тұрғын үй мен 220 көпқабатты үй орналасқан. Аудандағы халық саны — 257,7 мың адам. Аудан көлемінде 1 274 көше мен 230 әлеуметтік нысан тіркелген. Инфрақұрылыммен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып, көптеген оң нәтижелерге қол жеткізілуде.

Атап айтқанда, аудан халқы 100% ауыз сумен және электр жарығымен қамтамасыз етілген. Бұл — тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 25 елді мекен газбен қамтылған, бұл көрсеткіш — 92,6%. 2024 жылы Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен Қайнарбұлақ саяжайында газдандыру жұмыстары аяқталып, абоненттеу кезеңі басталды. Осылайша, газбен қамтылмаған елді мекендер саны екіге дейін қысқарып, бұл 7,4%-ды құрап отыр. Бұдан бөлек, Ынтымақ-2 және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендерінде газбен қамту жұмыстары аяқталып, қала әкімінің қатысуымен газға қосу рәсімдері өткізілді. Қазіргі уақытта абоненттеу жұмыстары жалғасуда.
Аудан аумағындағы көше инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Аудандағы 1 274 көшенің жалпы ұзындығы — 1 080 шақырым. 2024 жылға арналған бюджеттен 4,3 миллиард теңге бөлініп, 95 көшеге 77 шақырым асфальт жол төселді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін барлық тас және топырақ жолдарды асфальттау жоспарланған. Бұл жұмыстар 311 шақырым немесе 469 көшені қамтиды. Аталған жұмыстар толық аяқталған жағдайда, қанағаттанарлық деңгейдегі көшелердің үлесі қазіргі 59,8%-дан 100%-ға жетеді.
Сонымен қатар, аудан көшелерін жарықтандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2024 жылға дейін 193 көше жарықтандырылып, бұл көрсеткіш 15,1%-ды құрады. Биыл тағы 254 көше жарықтандырылып, жалпы саны 447 көшеге жетті. Осылайша, жарықтандыру көрсеткіші 35,1%-ға артты. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін жарықтандырылмаған барлық көшелерге жарық шамдары орнатылып, бұл көрсеткіш 100%-ға жеткізіледі.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аудан аумағында тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне негізделген 25 жоба іске асырылуда. Бұл жобаларға 1 миллиард 990 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта осы жобалар аясында 16 ойын алаңы, 3 спорт алаңы, 5 гүлзар және 50 көшеге 34 мың шаршы метр аяқ жол салынуда.
Көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын күшейту мақсатында 5 жаңа демалыс аймағын салу жоспарлануда. Бұл аймақтар — Достық шағын ауданындағы Ақбосаға және Ақсу-Аюлы көшелері, Қызылжар шағын ауданындағы Тоқбәйге көшесі, Нұршуақ шағын ауданындағы Миялы көшесі және Асар-2 шағын ауданындағы Нұр Жол көшесі. Бұдан бөлек, «Асар» шағын ауданындағы тозығы жеткен 4 гүлзарды қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа 285 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Қаланың көркін арттыру мақсатында Темірлан тасжолы бойындағы 410 жарық шамының бағаналарына қосымша сәндік жарықтар орнату жоспарланып отыр.