Жастар ресурстық орталығының ғимаратында Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты «Ардагерлерді ардақтайық» мерекелік іс-шарасы өтті.

Іс-шараның мақсаты – соғыс және тыл ардагерлерінің батырлығы мен ерлікке толы еңбектерін дәріптеу, өскелең ұрпаққа үлгі ету.
Іс-шараға Тұран ауданы әкімінің орынбасары Бахыт Мелдебеков, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Абдезов, сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты.

Мерекелік жиында Ербол Байқонысов жиналғандарды Жеңіс күнімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді:
– Біз бүгін бейбіт өмірдің қадірін ұғыну үшін өткеннің ауыр сабақтарын ұмытпауымыз керек. Ардагерлеріміздің жанқиярлық ерлігі мен маңдай терімен келген жеңіс – тарихымыздың алтын парағы. Осындай шаралар арқылы біз өскелең ұрпаққа отансүйгіштік пен рухани құндылықтарды сіңіріп, батырларымыздың ерлігін дәріптейміз, – деді ол.
Іс-шара барысында тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, арнайы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ ардагерлердің құрметіне сахналық қойылымдар ұсынылып, «Шығыстың қос жұлдызы» – қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүктің бейнелері сахналанды.
Сонымен қатар, Саз колледжінің студенттері мен Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімінің оркестрі соғыс тақырыбындағы әндерді орындап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.