Астанада өткен биылғы салтанатты әскери шеру ел тұрғындары үшін ерекше әсерге толы сәт болды. Шымкент халқы да бұл маңызды оқиғадан қалыс қалмай, парадты тікелей эфирде тамашалады.
Қаладағы Астана алаңы, Жастар ресурстық орталығы және Қызғалдақ фонтаны маңына орнатылған алып экрандардан тұрғындар әскери шерудің әр сәтін көзбен көріп, патриоттық рухты сезінді. Сонымен қатар, Түркістан сарайында арнайы жиналған әскери құрам да тарихи сәттің куәсі болды.
Биылғы парадқа Шымкент қаласындағы №35748 әскери бөлімінің өкілдері де белсене қатысты. Бұл бөлімнің үрмелі аспаптар оркестрі шеруде өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, осы бөлімнен 7 әйел әскери қызметкер сап түзеп, парад алаңында жүріп өтті. Олар – әскери қызметтің түрлі салаларында табанды еңбек етіп жүрген нәзік жандылар. Шеруге қаладағы басқа әскери бөлімдерден де арнайы техника, сарбаздар мен әскери қызметкерлер тартылды.
Айта кету керек, бұл тарихи оқиғаны Астанаға арнайы сапармен барған Шымкенттің 15 еңбек ардагері де көру мүмкіндігіне ие болды.
— Менің атам мен әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бүгінгідей бейбіт заманда әскери шеруді өз көзімізбен көру – біз үшін зор мәртебе. Жастардың сап түзегенін көріп, елдің қорғаныс қабілетіне көз жеткізу – болашаққа сенімді нығайтады, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Өтелбай Амалбеков.
Әскери шеру – елдің бірлігі мен қорғаныс қуатын айқындайтын маңызды шара. Бұл күн Шымкент тұрғындарына отансүйгіштік пен мақтаныш сезімін сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды.