Түркістан қаласында Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай «Еңсесі биік Ұлы Жеңіс» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Көрмеге келген қала тұрғындары мен қонақтары Ұлы Отан соғысына қатысты тарихи жәдігерлермен танысып, майдан мен тылда көрсетілген ерліктің шежіресін көзбен көрді.
Іс-шараның басты мақсаты – отан үшін жанын қиған ардагерлердің ерлігін ұлықтау және жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбие сіңіру. Көрмеге ҚР Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінің сарбаздары, қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері, №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясы мен №26 жалпы орта мектептің оқушылары қатысты.
Айта кетейік, Түркістан облысынан Ұлы Отан соғысына 140 мыңнан астам азамат аттанған. Соғыстан 70 мыңға жуық жауынгер елге оралды. Олардың ішінде 51 азамат – Кеңес Одағының Батыры, 1-еуі – «Халық қаһарманы», ал 8 жауынгер – III дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері атанды. Бүгінде облыс аумағында небәрі 8 соғыс ардагері ғана өмір сүруде.
Жеңіс күніне арналған бұл фотокөрме – тарихты ұмытпауға, бейбіт күннің қадірін түсінуге шақыратын тағылымды шара болды.