Астанадағы «Қазақ елі» монументі жанындағы Тәуелсіздік алаңында Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты әскери парад өтті. Бұл — 2025 жылдың ең ауқымды әрі маңызды оқиғаларының бірі ретінде тарихқа енді.
Парадқа 4 мыңнан астам әскери қызметкер, 200-ден аса заманауи әскери техника, сондай-ақ майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшағы мен тікұшағы қатысты. Шеруге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері тартылды. Әр шеру құрамында 156 әскери қызметкер сап түзеп жүріп өтті.
Салтанатты шараның соңында 300 музыканттан құралған біріккен әскери оркестр әсерлі дефиле орындап, парадты қорытындылады.
Парадты қала тұрғындары мен қонақтары үш негізгі орында орнатылған алып экрандардан тікелей эфирде тамашалады. Олар: ЕХРО аумағы (Түркістан және Ақмешіт көшелері бойы), Қалалық алаң (Астана әкімдігі алды) және Astana Music Hall (Құмыра) автотұрағы, Б.Момышұлы даңғылы, 1 мекенжайы. Шеруден кейін, сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін осы үш алаңда қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерттер ұйымдастырылды.
Әскери шеруге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушылар, Қазақстан Қарулы Күштерінің үздік әскери бөлімдері, Құрмет қарауылы ротасы мен құқық қорғау органдарының ардагерлері шақырылды.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Лам Астанаға мемлекеттік сапармен келіп, әскери парадтың құрметті қонағы болды.