Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Халықаралық отбасы күніне орай ауқымды іс-шара өтті.

Мақсат — ақын мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен рухани құндылықтарды қалыптастыру, ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Салтанатты жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз сөйлеп, Абай мұрасының ұлттық тәрбие мен мәдени даму жолындағы маңызын атап өтті.
Іс-шараға жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбек, Қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов және зиялы қауым өкілдері қатысып, Абай мұрасы арқылы отбасы құндылықтарын нығайтудың маңызы туралы пікірлерін білдірді. Қаланың беделді ұстаздары, мектеп оқушылары мен ата-аналар, қоғам белсенділері іс-шараға белсене атсалысты.
Іс-шара аясында Абай шығармаларынан поэтикалық-музыкалық композициялар мен театрландырылған көріністер қойылды. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері жатқа айтылып, көрмелер мен ашық форматтағы шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара бір мезетте 180 орында (160 мектеп пен 20 мәдени-демалыс аймағы мен саябақтарда) өткізілді.
Іс-шараға мектеп оқушылары, ата-аналар, ұстаздар, ардагер педагогтар, зиялы қауым өкілдері, шығармашыл жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Бұл күн ұлттық рух пен отбасы құндылықтарын ұлықтаудың жарқын көрінісіне айналды.