Биыл Түркістан қаласы ерекше мәртебеге ие болды. «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде қалаға арналған дизайн коды бекітілді. Бұл құжат Түркістанның тарихи, табиғи-ландшафтық, функционалдық және жергілікті ерекшеліктерін, сондай-ақ тұрғындар мен қонақтардың заманауи қажеттіліктерін ескере отырып, қаланың сәулеттік келбетін айқындайды.

Түркістан қаласының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметтерін жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдар осы дизайн кодты басшылыққа алуы тиіс. Бұл жөнінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков брифингте мәлімдеді.
– Дизайн код – жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға, аумақты жоспарлаудың негізгі модельдерін енгізуге бағытталған. Бұл құжат бұрыннан бар ғимараттарға емес, тек жаңадан салынатын нысандарға қолданылады. Алдағы уақытта қаламызда бой көтеретін барлық жаңа ғимараттар шығыс үлгісіндегі сәулеттік стильде салынатын болады, – деді Байдулла Оразбеков.
Брифингке қатысқан Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшеновтың айтуынша, дизайн код – жалпы ережелер мен негізгі талаптардан бөлек, сыртқы ақпарат тасымалдаушыларды, көше навигациясы мен жиһазын орналастыру және безендіру, қасбеттер мен қоршауларды жобалау, сондай-ақ қалалық кеңістікті жарықтандыру сияқты маңызды элементтерді қамтиды.
– Ғимараттардың қасбеттерін безендіру барысында олардың сәулеттік стилі мен шығыстық нақыштарға сай болуына баса назар аударылады, – деді Мұхит Көшенов.