Елімізде 120 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.

Елімізде 120 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.  Оның 57-сі қалаларда, ал 63-і ауылдық жерлерде орналасқан.

2024 жылы осы орталықтардың қызметін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттерден 5,9 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатқа 6,7 млрд теңге қарастырылып отыр.

Қазақстан 2017 жылдан бастап ресми түрде халқы қартайып жатқан елдердің қатарына енді. Бүгінде 65 жастан асқан азаматтар ел халқының 9,2%-ын немесе шамамен 1,87 миллион адамды құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда, 2020 жылы бұл көрсеткіш 6,8% болған еді.

Қарт адамдарға қамқорлық көрсету, олар үшін белсенді әрі мәнді өмір сүруге жағдай жасау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта 2020 жылы республикада алғашқы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, 2021 жылы «Белсенді ұзақ өмір сүру» 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары қабылданды. Жоспар аясында заңнамаға өзгерістер енгізіліп, ведомствоаралық комиссия құрылды, сондай-ақ белсенді ұзақ өмір сүру индексі есептелді.

Орталықтардың қызметі егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға, олардың белсенді әрі мағыналы өмір сүруін ынталандыруға бағытталған. Атап айтқанда, жүйелі бос уақытты ұйымдастыру (йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі сабақтары және т.б.) арқылы қарттардың денсаулығы мен еркіндігіне қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, олар қазақстандық қоғам өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік алады.

Орталықтар ашылғаннан бері 20 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 3,8 мыңнан астам қызмет түрі көрсетілді. Олардың қатарында медициналық, психологиялық, мәдени және білім беру қызметтері бар. Бұл шаралар егде жастағы азаматтардың белсенділігін арттырып, денсаулығы мен көңіл күйінің жақсаруына ықпал етуде.

Жетістіктер де көңіл қуантады. БҰӨО қызмет алушылары халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Мысалы, «Алматы әжелері» ұжымы Италияда өткен сән апталығында Қазақстанның атынан қатысып, Түркия мен Қырғызстандағы этнофестивальдерде жеңіске жетті.

Сурет ашық дереккөзден алынды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *