Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ерекше форматтағы халықаралық мәдени фестиваль — «Достық дастарханы» өтті. Іс-шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық өзбек этномәдени бірлестігі бірлесе ұйымдастырды.

Мерекелік жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Парламент Сенатының депутаттары, қоғам қайраткерлері және Өзбекстаннан арнайы келген делегация қатысты.

Фестиваль аясында ел бірлігіне үлес қосып жүрген белсенді азаматтар алғыс хатпен марапатталды. ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов фестивальдің елдегі ұлтаралық татулық пен мәдени әртүрлілікті ұлықтаудағы маңызын атап өтті. Ал қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек «Достық дастарханы» жобасының 2010 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқанын, 2022 жылдан бастап «Шымкент палауы» атауымен жаңаша сипат алғанын айтты.
Мерекенің басты символы — дәстүрлі палау тағамы болды. Биыл фестиваль аясында Ассамблеяның 30 жылдығына орай 30 қазан палау әзірленіп, әр қазанға «Бірлік», «Достық», «Бәйтерек», «Жеңіске 80 жыл» сияқты терең мағыналы атаулар берілді. Түрлі өңірлерден және шетелден келген үздік аспаздар өз шеберліктерін көрсетіп, ерекше дәммен қонақтарды тәнті етті.

Фестиваль кезінде арнайы дайындалған 100 келі палау көпбалалы отбасылар мен балалар үйлеріне таратылды. Сонымен қатар, «Ең жас аспаз», «Жылдың үздік аспазы» сияқты аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталып, тағамның дәмімен қоса әзірлеу тәсілі мен көркем безендірілуі де бағаланды.
Іс-шараға мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдары белсене қатысты. Бұл — түрлі ұлт пен ұрпақ арасындағы рухани сабақтастықтың нақты көрінісі.
«Достық дастарханы» — татулық пен сыйластықтың дәмін сездірген ерекше мәдени оқиға болды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық ынтымақ пен келісім жолындағы еңбегінің жарқын жемісін көрсетті.