2025 жылғы сәуірде «Enbek» электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің белсенділігі айтарлықтай өсті. Бұл айда 97,5 мың бос жұмыс орны мен 115 мың түйіндеме орналастырылды. Наурыз айымен салыстырғанда бос жұмыс орындары 22%-ға (17,3 мың бірлікке), ал түйіндемелер саны 21%-ға (19,7 мың бірлікке) көбейді.

Еңбек нарығындағы сұраныс құрылымында орта білікті мамандарға арналған ұсыныстар басым – барлық бос жұмыс орындарының 46%-ын құрайды. Жоғары білікті мамандарға сұраныс – 31%, ал біліктілік талап етілмейтін жұмыс орындарының үлесі – 23%. Бұл көрсеткіштер орта буын және тар бейінді мамандарға деген тұрақты қажеттілікті көрсетіп отыр.
Өңірлік бөліністе бос жұмыс орындарының айтарлықтай өсуі Ақмола (+59%), Түркістан (+55%) және Абай (+53%) облыстарында тіркелді. Ал Жетісу мен Ұлытау облыстарында керісінше, 10%-ға төмендеу байқалды.
Түйіндемелер санының ең көп өсімі Абай облысында (+47% немесе 1,2 мың түйіндеме), Батыс Қазақстан (+43% немесе 1,8 мың), Атырау (+29% немесе 1,7 мың) және Павлодар облыстарында (+29% немесе 0,8 мың) байқалды.
Гендерлік құрылым бойынша түйіндемелердің 57%-ы әйелдерден, 43%-ы ер адамдардан келіп түскен. Жас ерекшелігі бойынша ізденушілердің көп бөлігі 18-35 жас аралығындағы азаматтар (45,6%). Одан кейінгі орында 36-45 жас (27,5%), 46-55 жас (16,1%) және 55 жастан асқандар (10,8%) тұр. Бұл жастардың еңбек нарығына белсенді қатысып отырғанын көрсетеді.
Жалақы күтілімі бойынша ең жоғары сұраныс ауылдық елді мекендердегі басқару органдарындағы бас маман лауазымына – 1,95 млн теңгеден басталады. Сондай-ақ, комплаенс саласындағы мамандар үшін – 1,1 млн теңге көлемінде жалақы сұралған. Сонымен қатар, жекелеген мамандықтар бойынша үміткерлер бұдан да жоғары жалақыны көрсеткен: IT-дизайн саласындағы мамандар мен басшылық лауазымдарға үміткерлер 8–9 млн теңге аралығындағы табыс деңгейін күткен.
Осылайша, 2025 жылғы сәуір айы еңбек нарығындағы белсенділік пен экономикалық қозғалыстың артқанын көрсетті. Орта буын мамандарына сұраныс тұрақты сақталып отыр, ал жұмыс іздеушілер арасында жастардың үлесі басым. Жалақыға қатысты күтулер мен ұсыныстардың әртүрлілігі еңбек нарығы құрылымының күрделілігін және мамандықтар ерекшелігін айқындайды.