2025 жылы Қазақстан Үкіметі экономиканың нақты секторын жедел дамытуға кірісті. Мемлекет IT мен логистикадан бастап, тамақ өнеркәсібі, құрылыс, машина жасау және химия салаларына дейінгі шағын және орта бизнес жобаларын қолдап, инвестициялық тапсырыстарды ашық жариялады. Басты мақсат – шағын бизнесті орта және ірі бизнес деңгейіне көтеру.

Кәсіпкерлерге қолдау «Даму» қоры арқылы көрсетілуде. Атап айтқанда, несиеге кепілдік беру көлемі артты: енді кепіл жеткіліксіз болған жағдайда, мемлекет жобаның 85%-ға дейінгі құнын жабады. Бұл қадам елімізде жаңа өндіріс ошақтарын іске қосуға жол ашып отыр.
Мысалы, 2010 жылдан бері «Даму» қорының қолдауымен химия өнеркәсібі саласындағы 512 жобаға 195 млрд теңге бөлініп, 30,4 млрд теңге субсидия төленген. Ең көп жоба Алматы, Ақтөбе, Павлодар мен Алматы облыстарында жүзеге асқан.
Бүгінде осы өндірушілер өз өнімдері мен жетістіктерін Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан VIII жыл сайынғы «Ulttyq ónim» көрмесінде ұсынуда. Көрмеге еліміздің барлық өңірінен 350 кәсіпорын қатысуда.
Олардың қатарында Маңғыстау облысынан келген «Каспийгрупп» компаниясы бар. Компания ыдыс жууға арналған құралдардан бастап, тұрмыстық химияның кең ассортиментін өндіреді: жуғыш ұнтақтар, ағартқыштар, гельдер мен сұйық заттар. Өндіріс алаңдары Ақтау мен Алматыда орналасқан, ал өнімдері Қазақстанның алты өңіріне жеткізіледі.
«Мемлекеттік қолдау бізге жігер мен сенім берді. Жақын арада сусабындар, сабындар және басқа да тұрмыстық химия құралдарын шығаратын жаңа өндіріс желілерін іске қосуды жоспарлап отырмыз», — дейді «Каспийгрупп» компаниясының сату жөніндегі менеджері Армин Павиз.
Келесі қатысушы — елордалық «Yarko» компаниясы. 2013 жылы небәрі 3000 бөтелке жуғыш зат сатумен бастаған кәсіпорын бүгінде жылына 470 000 бөтелке өнім шығарады.
«Даму» қорының қолдауы арқасында біз жаңа нарықтарға шықтық. Өнім түрлері мен көлемі артып келеді. Ендігі мақсат – еліміздегі ірі сауда желілерімен жұмыс істеу», — дейді компания өкілі Ерік Жармағамбетов.
«Yarko» өнімдері бүгінде елорданың супермаркеттерінде сатылуда, сондай-ақ өңірлік дистрибьюторлар арқылы да таратылады. Компания «Халал» сертификатына ие және өнімдері ұлттық стандарттарға толық сәйкес келеді.
«Ulttyq ónim» көрмесі – мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлік табыстың нақты көрінісі. Ол жыл сайын отандық өндірушілерге өнімін таныстырып, жаңа серіктестер тауып, нарық аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.