Қазақстан ТЖМ делегациясы Австриядағы Rosenbauer зауытында болды

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің делегациясы өртке қарсы және құтқару техникасын өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі — Rosenbauer зауытына арнайы іссапармен барды. Сапар аясында делегация Австрияның Леондинг қаласындағы өндірістік алаңда болып, заманауи техника мен жабдықтардың қалай жасалатынына куә болды.

Мамандар өрт сөндіру машиналары мен қорғаныс экипировкаларының сызбалар мен материалдарды таңдаудан бастап, түпкілікті құрастыру кезеңіне дейінгі толық өндіріс процесін егжей-тегжейлі зерттеді. Электромобильдер технологиясы мен құтқарушылардың қауіпсіздігіне қойылатын заманауи талаптар да назардан тыс қалмады. Делегация жаңа буындағы машиналардың ерекшеліктерін, автоматтандырылған жүйелерді және энергия үнемдейтін шешімдерді қарастырды.

Сапар барысында қазақстандық мамандар өрт сөндіруші дулығалар мен жауынгерлік киімдердің өндірісімен де танысты. Барлық элементтер жоғары қауіп-қатер жағдайында сенімді қорғаныш пен максималды жайлылық қамтамасыз ету мақсатында арнайы әзірленген.

Қазақстан тарапынан бұл сапар азаматтық қорғау жүйесінің техникалық базасын жетілдіруге, сондай-ақ озық шетелдік тәжірибе негізінде жаңа стандарттар енгізуге бағытталған маңызды қадам болып саналады. Сонымен қатар, бұл сапар Rosenbauer сынды ірі өндірушілермен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнату, сондай-ақ Қазақстан нарығына жеткізілетін техниканың сапасына қойылатын талаптарды арттыруға мүмкіндік береді.

Rosenbauer компаниясы – өртке қарсы техника мен жеке қорғаныс құралдары өндірісінде 150 жылдан астам тәжірибесі бар әлемдік көшбасшы. Компания өнімдері 120-дан астам елде пайдаланылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *