Қазақстандық оқушылар биология пәні бойынша Ашық халықаралық олимпиадада екі жеке алтын медаль мен командалық жеңіске қол жеткізді

Қазақстан құрамасы биология пәні бойынша өткен Ашық халықаралық олимпиадада (Open International Biology Olympiad, OIBO) жоғары нәтиже көрсетіп, екі алтын, төрт күміс медаль мен командалық жоба бойынша бірінші орынды жеңіп алды.

Олимпиада 10–17 мамыр аралығында Ресейдің Сочи қаласындағы «Сириус» білім беру орталығында өтті. Байқауға 14 елден келген жас биологтар қатысты. Қатысушылар теориялық турдан, жеке практикалық кезеңнен және биыл алғаш рет енгізілген топтық жобалық тапсырмадан өтті.

Қазақстан құрамасы республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарынан құралды және өзінің жоғары деңгейдегі дайындығын дәлелдеді.

Жеңімпаздар тізімі:

  • 🥇 Батыр Ержанұлы – 11-сынып, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Шығыс Қазақстан облысы
  • 🥇 Ерсұлтан Қайыркен – 10-сынып, «Білім-инновация» лицей-интернаты, Павлодар облысы
  • 🥈 Әлихан Аширханов – 8-сынып, «Білім-инновация» лицей-интернаты, Алматы қаласы
  • 🥈 Дмитрий Титков – 10-сынып, №3 дарынды балаларға арналған гимназия, Павлодар облысы
  • 🥈 Әлімұхаммед Саматұлы – 9-сынып, «Білім-инновация» лицей-интернаты, Павлодар облысы
  • 🥈 Егор Менгулов – 10-сынып, №8 орта мектеп, Көкшетау қаласы, Ақмола облысы

Қазақстан құрамасының жетекшісі – Айгүл Каркулова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары.

OIBO олимпиадасы оқушылардың биология және биотехнология салаларындағы заманауи мәселелерді шешуге деген қызығушылығын оятуға, ғылыми ой-өрістерін кеңейтуге және халықаралық тәжірибе алмасуды дамытуға бағытталған. Олимпиада аясында қатысушылар заманауи ғылыми жабдықтармен жұмыс істеп, әртүрлі елдерден келген құрдастарымен тәжірибе бөлісті.

Олимпиада алдында Қазақстан құрамасы ұйымдастырушылардың арнайы шақыруымен «Сириус» орталығы базасында он күндік халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысты. Бұл кезең оқушылардың теориялық білімін жетілдіріп, практикалық дағдыларын шыңдауға үлкен мүмкіндік берді.

Қазақстандық оқушылардың бұл жетістігі – еліміздегі дарынды жастарды қолдау мен дамытудың нәтижесі. Сонымен қатар, бұл жеңіс еліміздің халықаралық білім аренасындағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *