Шымкентке келетін туристер саны артып келеді

Шымкент қаласында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Өткен жылы қалаға 507 866 турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға көп. Туристердің басым бөлігі – Қазақстан азаматтары (475 235 адам). Ал шетелден келгендер саны – 32 631 адам.

Қонақтарды орналастырумен айналысатын нысандар да жүктемесін арттырған. 2023 жылы мұндай орындар 615 503 адамға қызмет көрсеткен. Бұл көрсеткіш те бір жыл ішінде 15,4 пайызға өскен. Ал 2024 жылы орналастыру орындарының қызмет көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 37,6 пайызға артқан.

Туристер саны бойынша Шымкент елімізде төртінші орында тұр.

Бүгінде қалада 17 туристік маршрут жұмыс істейді. Олардың ішінде «Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағылы – Шымкент» бағыты ең танымал. Бұл бағыт бойынша төрт күндік сапар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, әр бейсенбіде шетелдік қонақтар үшін тегін автобустық экскурсия өткізіледі. Бұл шара оларға қаланың көрікті жерлерін аралап көруге, тарихымен және мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласынан қазір 7 ішкі және 10 халықаралық бағытқа тікелей әуе рейстері қатынайды. Олардың қатарында Ыстамбұл, Мәскеу, Анталья, Дубай, Доха, Жидда, Шарм-Эль-Шейх, Пхукет, Медина және Фукуок қалалары бар.

«SCAT» әуекомпаниясы алдағы уақытта Шымкенттен Пекин, Сиань, Санья, Будапешт, Прага және Мюнхен қалаларына да тікелей рейс ашуды жоспарлап отыр.

Қалада туристік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары да жүргізілуде. Өткен жылы «Қарашаш ана» және «Ибрагим ата» кесенелерінде жаңа дәретханалар, орындықтар, жарық шамдары және ақпараттық тақталар орнатылды.

Оқиғалы туризмді дамыту мақсатында түрлі фестивальдер ұйымдастырылуда. Былтыр «ДәмдәsTour» гастрономиялық фестивалі өтті. Биыл «Қызғалдақ жолы», «Әуе шарлары», «Street food fest», «Батпырауықтар», «Жарық шамдар» және «Comic Con Shymkent» фестивальдері өткізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, Этноауыл аумағын абаттандыру, тәулік бойы жұмыс істейтін гастрономиялық аллея ашу және Бадам су қоймасы маңында туристерге қолайлы жағдай жасау жобалары қолға алынбақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *