Ақтөбе мен Қостанайда ERG Skills кәсіби шеберлік байқауы өтті.

Ақтөбе және Қостанай облыстарында дәстүрлі ERG Skills кәсіби шеберлік байқауы өз мәресіне жетті. Байқауға «Қазхром» ТҰК» АҚ, ССКӨБ кәсіпорындарының жас мамандары, сондай-ақ Еуразиялық Топ (ERG) пен Колледждер альянсына кіретін колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру мақсатында ұйымдастырылған бұл байқау биыл 11 құзыреттілік бойынша өткізілді. Қатысушылардың кәсіби шеберлігін көрсетуі үшін Хромтау тау-техникалық жоғары колледжі, Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжі, және Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі өздерінің заманауи жабдықталған шеберханалары мен зертханаларын ұсынды.
– Жыл сайын ERG Skills жаңа есімдерді танытып, жұмысшы мамандықтарының абыройын арттыра түсуде. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік, – деді байқаудың ашылуында «Қазхром» ТҰК» АҚ персонал және мәдениет жөніндегі директоры Нұргүл Нұрғалиева.
Байқау жеңімпаздары
Кәсіби бәсекеде үздік танылғандардың қатарында:
- Дмитрий Кунаев – «Дәнекерлеу ісі»
- Данил Дрижак – «Электромонтаж»
- Балғынбек Мырзабек – «Өнеркәсіптік автоматика»
- Балауса Әуесхан – «Пайдалы қазбаларды байыту»
Бұл студенттер – Хромтау тау-техникалық жоғары колледжінің мақтаныштары.
Сондай-ақ:
- Аят Сайлау – «Слесарлық іс» (Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжі),
- Аралбек Жанысбеков – «Инженерлік графика» (Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі) бағыты бойынша үздік деп танылды.
– ERG Skills байқауы маған үлкен сенім мен тәжірибе сыйлады. Енді өз білімімді басқа жарыстарда да сынап көруге дайынмын, – деді жеңімпаз Дмитрий Кунаев.
Кәсіпорын қызметкерлері де шет қалмады
Дөң тау-кен байыту комбинаты мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан қатысқан жас мамандар да өз шеберліктерін көрсетті:
- Елизавета Скрыпник – «Еңбекті қорғау»
- Еламан Марат – «Химиялық талдау зертханасы»
- Марғұлан Үмбаев – «Тау-кен ісі»
- Ерасыл Қадіржанов – «Маркшейдерлік іс және геодезия»
- Жиренше Абдрахманов – «Токарлық іс»
– Зауыттағы тәжірибе мен заманауи құралдар мені жеңіске жетеледі. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Жиренше Абдрахманов.
Қосымша мүмкіндіктер мен марапаттар
Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, ERG кәсіпорындарына жұмысқа қабылдану кезінде артықшылық берілетін болады.
Биыл алғаш рет «Қазхром» басшылығының бастамасымен үздік 8 студентке Дөң тау-кен байыту комбинатына жұмысқа шақыру сертификаттары табысталды.
ERG Skills байқауы жалғасуда
ERG Skills байқауының келесі кезеңдері:
- 21–23 мамырда Ақсу қаласында
- 9–10 маусымда Рудный қаласында
Бұл кезеңдерде дәнекерлеу, электромонтаж, токарлық іс, еңбекті қорғау, инженерлік графика, слесарлық іс сияқты құзыреттіліктер бойынша жарыстар жалғасады.