Түркістан облысы, Созақ ауданында алғаш рет «Қазыналы Созақ – ұлт руханиятының негізі» атты ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тарихы терең, шежіресі бай өңірде өткен тағылымды шарада Созақтың өткені мен бүгіні, рухани және мәдени мұрасы кеңінен талқыланды.

Жиынға еліміз бен шетелден танымал тарихшылар, археологтар, өнертанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген бауырлас елдердің ғалымдары да қатысып, ортақ тарихи байланыс туралы ғылыми пайымдарын ортаға салды.
Конференция модераторы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі. Ол өз сөзінде ұлттық бірегейлікті нығайту жолында Созақтың алар орны ерекше екенін атап өтті.
Шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында айтқан ойларына тоқталды.
– Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Бұл бағытта Созақ секілді қасиетті өңірлердің алар орны ерекше, – деді Ертай Алтаев.
Ол сондай-ақ көне және орта ғасырлардағы, Қазақ хандығы тұсындағы Созақтың тарихи маңызын ғылыми тұрғыда зерделеу қажеттігін атап өтті.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков конференцияның аудан өміріндегі тарихи сәт екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Конференция барысында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Көпжасар Жетібаев басқосу барысында қабылданған конференция қарарын таныстырды.
Ғалымдар мен сарапшылар бұл ұсыныстардың жүзеге асуы – ел тарихын ұлықтап, ұрпаққа аманат ету жолында маңызды қадам екенін атап өтті.